Алатаудың айналасын мекен еткен жылқылар көктем келіп өз бетімен жайылуды бастаған шақ. Олар енді ешқандай айдау-қайыруды білмейді. Қысты күні қары жұқа жазық даланы, шөбі көп қалың тоғайды, өзен бойындағы құрақты жерлерді мекендеген болса, енді жаз шығып қалың қарағай арасындағы алқаптар мен құйқадай жоталарды шарлап, сол маңдағы үлкен жайлауда өмір сүреді.
Жылқылардың арасында түрлі-түрлі тұлпарлар болады. Олардың ішіндегі ең асыл тұқымды, жорға жылқыдан қалған соңғы тұяқ – Дүлдүл. Дүлдүлдің достары да, дұшпандары да осы бір жайлауды мекен етеді. Жылқылардың жайлаудағы өмірлерінің әр күні қызық пен шытырман оқиғаларға толы болады. Дүлдүлге өш екінші үйірдің жылқылары да осы алқапты мекен етеді. Ол үйірдің басшысы – Найзағай. Сол үйірді тіпті иелері емес, Найзағайдың өзі бағады. Сондай-ақ бұл жерде жылқылардан да бөлек жануарлар мекендейді. Інінен ініне көшкен суыр, сәбізін алтындай сақтаған ақ қоян, Дүлдүлдің жанынан үнемі табылуға тырысатын сұр есек және тағы да басқа жабайы жануарлар. Ең қызығы иесіне бағынған жайлаудағы бұл жылқылардың адам көрмеген, ер салдырмаған жабайы жылқылармен де бетпе-бет келетін кезі болады.
Жайлаудағы жазғы күндердің басы – Дүлдүл мен Найзағайдың бәсекесімен басталса, ортасы – жылқылардың бір-біріне қастандық жасауымен жалғасады. Соңы – жабайы қасқырлардың шабуылдарымен аяқталады. Тұлпарлардың қызықты да шытырманға толы өмірі осы жапандаланың қақ ортасында өрбиді.
Әр бөлімде жылқылардың біз білмейтін тылсым өмірі мен олардың қызықты оқиғалары көрсетіледі.
Дүлдүл – Айналасына тек жақсылық ойлайтын кейіпкер. Жирен түсті, бұлшық етті, өте сабырлы, еңбекқор, достарына адал. Өз ортасында өзінің жүйріктігімен, тұлпарға тән әрекетімен ерекшеленеді.
Найзағай – бір емес бірнеше үйірді басқарып отырған ірі денелі айғыр. Үйірлерін өте қатал тәртіппен ұстайды. Ашушаң, асау, қара түсті, ақ қасқалы. Басты мақсаты – жайлаудағы жылқыларға билігін жүргізу.
Тарлан – Дүлдүлмен бірге жүретін үйірі жоқ бөлек жылқы. Ақкөңіл, жүзі жылы, қара тұлпар. Құлын кезінен Дүлдүлдің жанында өскен. Оның ең жақын досы.
Ақтабан – Аппақ әрі өзін таза ұстайтын тұлпар. Ақ түсті, ақ тұяқты, ақ жалды мақтаншақ жылқы. Өзін мақтағанды, мақтанғанды қатты жақсы көреді.
Сұр есек – Қыс бойы арбаға жегіліп, жаз шыға жылқылардың жанына келіп
мекендейтін орта жастағы сұр түсті есек. Өзі қорқақ әрі сақау. Бірақ, Дүлдүлдің жанынан табылатын жақын досы. Үнемі шытырман оқиғаларға тап болып жүреді.
Хронометражы: 5 минут
Серия саны: 10
Жанры: шытырман оқиғалы, 3D анимация
Тілі: қазақ
Аудиториясы: -6
«Ибатбекова А.К.» ЖК Ибатбекова А.К.